2026 жылғы 25 мамыр – Алтай ботаникалық бағының жетекші ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының кандидаты Татьяна Афанасьевна Вдовинаның мерейтойы. Бұл – жай ғана туған күн емес, тағылымы мол өмір жолын таразылайтын айтулы белес. Мерейтой – адамның дүниеге келуі, білім алуы мен қалыптасуы, туған-туыстарымен, достарымен, әріптестерімен қарым-қатынасы, сондай-ақ әлемді эмоциялық, эстетикалық әрі ғылыми тұрғыдан тану барысында жинаған тәжірибесінің көрінісі. Бұл күн – ғылымға адал қызмет етіп, ұзақ жылдар бойы табанды еңбек еткен жанға шынайы алғыс білдіретін ерекше сәт.
Татьяна Афанасьевнаның еңбек жолы – ғылымға шынайы қызмет етудің жарқын үлгісі.
Өзінің айтуынша, оны ботаникалық бақпен алғаш рет бес жасында анасы таныстырған. Кейін мектеп оқушысы кезінде жазғы маусымда ботаникалық бақта еңбек етіп, арамшөп жұлу, жеміс-жидек пен сәндік ағаштардың көшеттерін егу жұмыстарымен айналысқан. Жеміс шаруашылығы бөлімінде еңбек ете жүріп, өсімдіктердің күтіміне тәнті болған. Қарақаттың, алхорының, алманың бұтақтары жеміске толып, бақша бүлдіргені мен таңқурайдың хош иісі ерекше әсер қалдырған. Дәл сол кезде оның бойында өсімдіктерге деген сүйіспеншілік оянып, тағдырын ботаникалық бақпен байланыстыруға деген арман пайда болады.
Татьяна Афанасьевна Алтай ботаникалық бағындағы кәсіби қызметін 1980 жылы бастайды. Ол Қазақ Еңбек Қызыл ту орденді ауыл шаруашылығы институтын «Жеміс-көкөніс өсіру және жүзім шаруашылығы» мамандығы бойынша үздік тәмамдап, «Ғалым-агроном» біліктілігін алады. Ғалым еліміздегі жеміс-жидек дақылдарын интродукциялаудың экологиялық-биологиялық негіздерін зерттеумен айналысты.
Ғылыми зерттеулерінің нәтижесінде кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, биология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болады.
Қазіргі кезде ботаникалық бақтағы дәстүрлі емес жеміс-жидек дақылдарының коллекциясы 27 түрден, 85 сұрыптан және 71 формадан тұрады. Олардың қатарында ұшқат, қара жемісті шетен, бөріқарақат, магония, орман жаңғағы, шәңгіш, долана, шетен, актинидия, қара бүлдірген, шие, қарақат, алтын түсті қарақат, бақша бүлдіргені мен шырғанақ бар. Бұл өсімдіктердің өңір жағдайына бейімделу мүмкіндіктері зерттеліп, өсіру технологиясының жекелеген тәсілдері әзірленген.
Бүгінде Татьяна Афанасьевна жеміс-жидек дақылдарын зерттеуді жалғастырып келеді. Оның ішінде шырғанаққа арналған еңбектері ерекше назар аудартады. Ғалым 45 жылдан бері шырғанақтың табиғи популяцияларын зерттеумен айналысуда. Экспедициялық жұмыстар барысында биология ғылымдарының кандидаты Ю.А.Котуховпен бірлесіп Кендірлік, Шетласты, Қандысу, Терісайырық өзендерінің аңғарларындағы және Қаратал құмдарындағы шырғанақ популяциялары жан-жақты зерттелген. Өсімдіктердің таралу картасы жасалып, фитoценоздық және экологиялық сипаттамалары анықталған, жастық құрамы мен саны есептелген.
Нәтижесінде жабайы шырғанақ формаларының ауқымды коллекциясы қалыптастырылды. Бүгінгі таңда Татьяна Афанасьевна екінші және үшінші буындағы жаңа коллекцияларды жасаумен айналысуда. Көпжылдық зерттеулер мен сұрыптау жұмыстарының нәтижесінде Қазақстандағы алғашқы жеті шырғанақ сұрпына патент алынған. Олар: «Юбилейная Котухова», «Памяти Байтулина», «Шетласты», «Әсем», «Фейерверк», «Факел», «Плакучая». Сонымен қатар «Густой туман», «Богатырь» атты аталық формалар мен «Татьяна» аналық формасы сұрып сынағына дайындалған.
Ғалымның көпжылдық еңбегінің қорытындысы ретінде «Шығыс Қазақстан облысындағы жабайы шырғанақтың түрішілік саналуандығы және оны интродукциялаудың перспективалары» атты монография жарық көрді.
Татьяна Афанасьевна – ғылыми зерттеудің заманауи әдістерін жетік меңгерген, білімін тәжірибеде шебер қолдана білетін білікті маман. Ол жыл сайын зерттеу нәтижелерін ғылыми еңбектерге айналдырып келеді. Бүгінгі таңда оның жарияланған ғылыми жұмыстарының саны 112-ге жеткен. Оның ішінде Scopus базасына енген халықаралық журналдардағы мақалалар, Ресейлік ғылыми дәйексөз индексінің ғылыми басылымдарындағы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ҒЖБСҚК тізіміне кіретін журналдардағы еңбектер бар. Сонымен қатар ол монографиялар, әдістемелік ұсынымдар мен көптеген ғылыми-талдамалық жұмыстардың авторы әрі тең авторы.
Әріптестері Татьяна Афанасьевнаны терең білімді, ісіне адал әрі еңбекқор адам ретінде бағалайды. Ол бүгінде де Алтай ботаникалық бағының жұмысына белсенді араласып, жас мамандарға тәжірибесін үйретіп келеді. Ғалым жастарға тек білім ғана емес, ғылыми ізденістің ерекше мәдениетін де түсіндіруде.
Ғылымды дамытуға қосқан зор үлесі үшін Татьяна Афанасьевна «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Еңбегі мен жетістіктері үшін» медалімен марапатталған. Сонымен қатар ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамотасына, көптеген алғыс хаттар мен марапаттарға ие болған.
Татьяна Афанасьевна – дарынды ғалым ғана емес, адал жар, екі ұлдың қамқор анасы, асыл әже.
Алтай ботаникалық бағының ұжымы Татьяна Афанасьевна Вдовинаны мерейтойымен шын жүректен құттықтайды! Деніне саулық, сарқылмас күш-қуат және жаңа шығармашылық табыстар тілейді! Ғалымның телегей тәжірибесі мен парасат-пайымы ел ғылымының өрісін кеңейтіп, жас зерттеушілерге шамшырақ бола берсін!