15.04.2026
Шығыс Қазақстан біртіндеп ғылым тек академиялық сала болып қалмайтын жаңа даму моделін қалыптастырып келеді. Риддер қаласындағы Алтай ботаникалық бағында Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында өткен дөңгелек үстел – соның айқын дәлелі. «Шығыс Қазақстанның дәрілік өсімдіктерін зерттеу негізінде парафармацевтиканы әзірлеу және декларациялау – ғылымды өндіріске интеграциялау» тақырыбындағы жиын өңірдің табиғи байлығын тұрақты әрі технологиялық нарыққа айналдыруға бағытталған терең үдерісті аңғартады.
Бүгінде әңгіме тек флораны зерттеу туралы ғана емес, қосылған құны жоғары толыққанды тізбекті қалыптастыру жайында болып отыр. Яғни экспедиция мен гербарийден бастап, дүкен сөресіне шығатын дайын өнімге дейінгі бүкіл үдеріс қамтылады. Бұл тұрғыда Шығыс Қазақстан ерекше артықшылыққа ие. Мұнда Батыс Алтай өңірінің бай биоалуантүрлілігі мен ондаған жыл бойы қалыптасқан қуатты ғылыми база үйлесім тапқан.
«Ғылым қызметкерлері миллиондаған адамға әлемді тереңірек түсінуге көмектесіп, білім көкжиегін кеңейтеді. Ғылымның арқасында қоғам дамып, технологиялар мен өндіріс жетілдіріледі», – деді Алтай ботаникалық бағының бас директоры Айдар Сумбембаев құттықтау сөзінде.
Бұл тұжырым бүгінде нақты практикалық мағынаға ие болып отыр. Парафармацевтика – медицина, фармакология және косметология тоғысындағы сала. Ол ең перспективалы бағыттардың бірі ретінде қарастырылуда. Дәстүрлі дәрі-дәрмектермен салыстырғанда мұндай өнімдер нарыққа жылдамырақ шығады. Сонымен қатар ғылыми негізін сақтап, тұтынушылар арасында сұранысқа ие болады. Әңгіме фитошайлар, биологиялық белсенді қоспалар, табиғи косметика туралы болып отыр. Бұл өнімдерге деген сұраныс әлем бойынша тұрақты түрде артып келеді.
Алайда сырт көзге қарапайым көрінгенімен, оның артында күрделі ғылыми инфрақұрылым жатыр. Кез келген өсімдік шикізатқа айналмас бұрын ғалымдар оның популяциясын бағалайды, жинауға болатын көлемін анықтайды, таралу аумағын картаға түсіреді және экожүйелік қауіптерді талдайды. Мұндай тәсіл табиғатты пайдаланудың бұрынғы тәжірибелерінен түбегейлі ерекшеленеді және тұрақты биоэкономиканың қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Айдар Сумбембаев
Айдар Сумбембаев дөңгелек үстел қатысушыларына 2025-2027 жылдарға арналған «Дәстүрлі емес жабайы дәрілік өсімдіктерді кешенді зерттеу, олардың генетикалық ресурстарын Батыс, Шығыс және Орталық Қазақстанның ботаникалық бақтарына жинақтау, парафармацевтикалық өнім әзірлеуге арналған биоинформациялық деректер базасын құру» жобасы бойынша атқарылған жұмыстардың аралық есебін таныстырды.
«Біз жұмыс үшін өсімдіктің төрт түрін таңдадық: бұталы шатыраш (шалфей), мысықтабан, күріл шайы және альпілік тиыншөп. Ресми түрде медицинада қолданылатын дәрілік өсімдіктерге тиіспейміз. Бұған дейін медицинада ресми қолданылмаған түрлерді алып отырмыз. Таңдап алынған өсімдіктердің табиғи популяциясы жақсы жағдайда, сондықтан оларды табиғаттан аз мөлшерде еш зиянсыз алуға болады. 2026 жылы осы өсімдіктер экстрактілері негізінде бір препарат әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Алдын ала болжам бойынша бұл қолға арналған крем немесе душқа арналған гель болуы мүмкін», – деді Айдар Сумбембаев.
Оның айтуынша, 2025 жылы бірнеше өсімдік түрі бойынша шикізат қоры анықталған. Атап айтқанда, өндірістік көлемде дайындауға бұталы шатыраш, күріл шайы, жоңғар феруласы, альпілік тиыншөп, зизифора және тікенекті итмұрын популяциялары жарамды деп танылған. Ал дәріхана желілеріне қажетті шикізат ретінде мысықтабан, Ледебур мыңжапырағы, Гмелин жусаны және альпілік тиыншөптің аз көлемдегі қоры жеткілікті екені айтылды.
«Қазіргі кезде бізде бұл препараттарды клиникалық сынақтан өткізетін Ресей ұйымдарымен келісімдер бар. Олар иммундық құрамы, консистенциясы және өзге де көрсеткіштер бойынша зерттеу жүргізеді. Соның нәтижесінде препараттың МемСТ талаптарына сәйкестігі жөнінде қорытынды береді», – деді ол.
Жиын барысында Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығының ғылыми қызметкері Наталья Премина «Жалтарма сәлдегүлдің фенологиялық циклі» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар «Ә.Н. Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Алтай филиалының ғылыми қызметкерлері Аида Рамазанова мен Виктория Роговская «Ертіс орманы екпелерінің жағдайын талдау, тексеру жұмыстарын ұйымдастыру, қурау себептерін анықтау» және «Гербицидтердің егу материалының жағдайына әсерін анықтау» тақырыптарында презентациялар ұсынды.
Виктория Роговская
Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкері Глеб Болботов ұлттық парк аумағындағы далалық зерттеулер туралы жан-жақты баяндады.
«Соңғы жылдары жүргізілген флора ревизиясы нәтижесінде парк аумағында 114 тұқымдасқа жататын 495 туыстың 1479 өсімдік түрі анықталды. Бұл – ұлттық парк аумағында өсетін жоғары сатыдағы түтікті өсімдіктердің толық тізімі. Катонқарағай ұлттық паркінің аумағы Орталық, Батыс және Оңтүстік Алтай жоталарын қамтиды. Әрине, соңғы бес жылда біз экспедицияларға тек өз аумағымыз бойынша ғана емес, басқа да ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға шығып, мәліметтер жинап, оларды өңдеп, ғылыми жарияланымдар әзірледік. Жуырда ғана Шығыс Қазақстан аумағында анықталған жеті өсімдік түрі туралы ғылыми мақала жарияланған. Бұл түрлер Қазақстан флорасы үшін мүлде жаңа болып шыққан. Өткен далалық маусымда біз 700-ден астам гербарий үлгісін өңдедік. Гербарий материалдарын арнайы әдебиеттермен салыстыра отырып мұқият талдау барысында кейбір түрлердің Қазақстан флорасы үшін жаңа екені анықталды. Солардың бірқатары осы жерде гербарий материалдары түрінде ұсынылған. Бұл жапырақтардың бір бөлігі ботаникалық бақтың гербарий қорында қалады, ал кейбірін өзіммен бірге алып кетемін, себебі олар жалғыз дана», – деді Глеб Болботов.
Алтай ботаникалық бағының директоры Айдар Сумбембаевқа гербарий үлгілерін табыстау рәсімі
Әрине, далалық зерттеулер өңірдің ғылыми бейнесін кеңейтіп қана қоймай, болашақ коммерцияландыру жұмыстарына да негіз қалыптастырады. Шын мәнінде, бұл келешекте жаңа саланың іргетасына айналуы мүмкін «ресурстар картасын» жасау үдерісі деуге болады.
Сонымен қатар ғылыми жаңалықтан дайын өнімге дейінгі жол әлі де ұзақ. Тіпті парафармацевтика саласының өзінде зерттеулер жүргізу, өнімнің қауіпсіздігін растау, технология әзірлеу және декларациялау рәсімдерінен өту қажет. Бұл уақытты, инвестицияны және ең бастысы ғылым мен бизнес арасындағы тығыз ынтымақтастықты талап етеді.
«Ғылымсыз кез келген шаруашылықтың болашағы жоқ. Бүгін біз жастардың көптеп қатысып отырғанын көріп отырмыз. Дәл осы жас буын саланы алға жылжытып, ғылымның келешегін қалыптастырады», – деп атап өтті Ә.Н. Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты Алтай филиалының директоры Андрей Калачёв.
Андрей Калачёв
Кадрлық фактор шынымен де негізгі мәселелердің біріне айналып отыр. Студенттер мен жас мамандарды нақты жобаларға тарту ботаникадан бастап биотехнология мен кәсіпкерлікке дейінгі түрлі салаларды тоғыстыра алатын жаңа ғылыми мектептің қалыптасуына негіз болады. Дөңгелек үстел жұмысына Риддер колледжінің «Орман шаруашылығы, бақ-саябақ және ландшафтық құрылыс» мамандығы бойынша оқытушылары мен студенттері де қатысты.
Табиғатты қорғау мәселесінің де маңызы ерекше. Зерттеулер дәлелдегендей, биоалуантүрлілік пен сирек кездесетін өсімдіктердің басым бөлігі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда сақталған. Бұл табиғатты сақтау мен экономикалық дамудың бір-біріне қайшы келмейтінін, керісінше өзара толықтырып, күшейтетінін көрсетеді.
Осы факторлардың жиынтығы өңірді дамытудың жаңа моделін қалыптастырып отыр. Бүгінде Шығыс Қазақстанда табиғи фармацевтика мен биологиялық өнімдер орталығына айналуға қажетті барлық мүмкіндік бар. Өңірде табиғи ресурс қоры, ғылыми тәжірибе және коммерцияландыруға бағытталған алғашқы қадамдар қалыптасқан.
Риддерде өткен дөңгелек үстел бұл бастаманың бірреттік жоба емес, жүйелі үдеріс екенін көрсетті. Егер бұл бағыт мемлекет пен бизнес тарапынан қолдау тапса, өңір Орталық Азияның биоэкономика картасында маңызды орын алуы мүмкін.
Сонда өсімдіктерді зерттеу тек ғылыми қызығушылық нысаны болып қана қоймай, білім тікелей өнімге айналатын, ал табиғат стратегиялық даму ресурсына айналатын жаңа экономиканың негізіне айналады.